2020 жылғы 12 наурызда биткоин бір-ақ күнде құнының жартысын жоғалтты — нарық ол дағдарысты әлі күнге дейін «қара бейсенбі» деп атайды. Алты жарым жылдан кейін сол күн енді сотта тағы бір рет тексеріледі.
Банкрот болған Celsius Network өз өкілі Blockchain Recovery Investment Consortium арқылы BitMEX биржасына қатысты бес құрылымға — HDR Global Trading, ABS Global Trading, Shine Effort, 100x Holdings және HDR Global Services компанияларына қарсы талап-арыз түсірді. Талап-арыз 12 қыркүйекте Нью-Йорктің Оңтүстік округінің банкроттық сотына тіркелді. Талап сомасы — 6360 BTC, қазіргі бағаммен шамамен $495 млн.
Сөз 2020 жылғы сол аптада болған екі мәжбүрлі ликвидация туралы болып отыр: 12 наурызда биржа Celsius-тың өз есебінен 1325,84 BTC есептен шығарды, ал бір күннен кейін JST инвестициялық қорының 5034,33 BTC-ін ликвидациялады (бұл талап кейін банкроттық массасына берілді). Екі позиция да биткоиннің өсуіне тігілген левередждік ұзын мәмілелер болатын, әрі екеуі де бірнеше сағат ішінде жойылды.
Талап-арызда BitMEX ликвидация тетігін өз клиенттеріне қарсы жұмыс істейтіндей етіп құрастырды деп айтылады: биржа мәжбүрлі сатылымды іске қосатын жүйені де, содан пайда табатын сақтандыру қорын да бір өзі басқарған. Celsius заңгерлері BitMEX-тегі ликвидация бағалары басқа биржалармен салыстырғанда 24%-ға дейін төмен болғанын, ал 13 наурыздағы платформа ақауы ликвидациялардың тоқтауымен және биткоин бағасының бірден қалпына келуімен дәл түйіскенін көрсетеді. Сол кезде биржа ақауды DDoS-шабуылмен түсіндірген еді.
BitMEX бұған дейін 2020 жылға қатысты ұқсас талаптарды «мүмкіндікті пайдаланғандық» деп бағалап, сотта табанды қорғанатынын мәлімдеген болатын. Мәселе мынада — биржаның қорғанатын түгі де қалмай бара жатыр: BitMEX шілдеде жабылатынын жариялап, талап-арыз түскеннен небәрі 11 күн өткен соң, 23 қыркүйекте сауданы толық тоқтатады. Жабылып жатқан алаңда жарты миллиард долларға жуық талапты жабатын ақша да, ниет те қала ма — бұған енді нарық емес, сот жауап береді.



