Крипто әмиян — жай ғана бағдарлама. Ол пайдаланушының ақшасын өз қолында ұстамайды, оның орнына не сатып алу керегін шешпейді, тек адамды биржамен байланыстырады. Бірақ заң әрпі бойынша мұндай бағдарлама жылдар бойы брокер деп танылу қаупінде тұрды — бұл тіркеу, есептілік және мүлдем басқа заңгерлік шығын дегенді білдіреді. 17 қыркүйекте АҚШ-тың Тауар фьючерстерімен сауда жасау жөніндегі комиссиясы (CFTC) осы белгісіздікті жойды.
Ведомство № 26-25 іс-әрекет қолданбау туралы хат шығарды. Ол наурызда тек бір ғана әзірлеушіге — Phantom әмиянына — берілген жеңілдікті бүкіл салаға таратады. Енді кез келген «пассивті» бағдарлама жасаушы — сақтаушысыз әмиян болсын, DeFi хаттамасының интерфейсі болсын — пайдаланушыларды реттелетін туынды құралдарға (фьючерстер, мерзімсіз келісімшарттар, болжам нарықтары) introducing broker ретінде тіркелместен қоса алады. Талаптар қарапайым: пайдаланушының ордерін басқармау, оның қаражатын сақтамау және тек тіркелген брокерлер мен биржалармен ғана жұмыс істеу.
Нарық үшін бұл — Phantom жарты жыл бойы жеке-дара сұрап алған рұқсаттың орнына, кез келген жаңа өнімді бейімдеуге болатын дайын үлгі. Solana Policy Institute заңгері бұл құжатты «басқа әзірлеушілер құрастыра алатын негіз» деп атады. Digital Chamber басшысы реттеуші крипто нарығына арналған бағдарламалық жасақтаманың дамуын тежеп келген белгісіздікті жойды деп есептейді.
Уақыты кездейсоқ таңдалмаған. Екі күн бұрын Сенат сала бір жылдан астам күткен бірыңғай федералды заң — CLARITY Act бойынша дауыс беруді өткізе алмады. CFTC хаты шыққан күні SEC токенделген акцияларды сатуға арналған өзінің «инновациялық ерекшелігін» жариялады. Конгресс келісе алмағандықтан, ведомстволар ережелерді өздері жазуға көшкені анық — заң арқылы емес, аппарат түсіндірмелері арқылы.
Мұндай тәсілдің осал тұсы бар. No-action letter — комиссия қызметкерлерінің ұстанымы, заң емес, тіпті CFTC-тің ресми ережесі де емес. Басшылық ауысса, жеңілдікті кез келген сәтте кері қайтарып алуға болады, Конгресс актісінен айырмашылығы осында. Қазірге дейін сала уақытша айқындыққа қуанып отыр, бірақ бұл мәселенің түпкілікті шешімі емес.



