Оңтүстік Корея цифрлық валютасын нақты ақшамен сынауға дайындалып жатыр. Корея банкі қыркүйекте цифрлық вон пилоттық жобасының екінші кезеңін бастайды: жобаға тоғыз коммерциялық банк қосылады, ал қатысушылар саны 500 мыңға дейін жетуі мүмкін — бұл өткен жылғы 81 мың адамнан алты есе көп.
Бірінші кезең 2025 жылдың сәуірінен маусымына дейін өтті: шақырылған 100 мың адамның тек 81 мыңы ғана әмиян ашты, ал солардың ішінен небәрі 42 пайызы нақты сатып алу жасады. Бұл жолы орталық банк жақсырақ нәтижеге үміттеніп, жаңа мүмкіндіктер қосты — саусақ ізі арқылы аутентификация, адамдар арасындағы аударымдар, автоматты толықтыру және тіпті қалдыққа пайыз есептеу.
Ең басты өзгеріс — жүйе арқылы өтетін ақшаның сипаты. Тестілік қаражат кезеңі аяқталды: Корея банкі бағдарламаланатын токендер арқылы алғаш рет нақты мемлекеттік субсидияларды бөледі. Билік елдің 499 миллиард долларлық бюджетінің бір бөлігін осы цифрлық инфрақұрылым арқылы өткізуді қарастыруда.
Банк өкілдері мұның толыққанды бөлшек CBDC емес екенін, керісінше орталық банктің цифрлық валютасы мен жеке стейблкоин арасындағы аралық буын екенін атап өтуде.
Дегенмен уақыты кездейсоқ емес: АҚШ Конгресі Федраралық резервтің цифрлық долларға қатысты жұмысын 2030 жылға дейін заңмен тоқтатқан кезде, Сеул керісінше бағытта қозғалып, елдің ірі банктерін — KB Kookmin, Shinhan, Woori, Hana — жобаға тартып жатыр.
Мұның тағы бір практикалық себебі бар: әлеуметтік төлемдерді әкімшілендіру шығындарын азайту және оларды теріс мақсатта пайдалану мүмкіндігін жабу. Бұл сәтті бола ма, жоқ па — бірінші кезеңге жетіспеген нәрсеге байланысты: адамдардың ашылған әмияндарды нақты пайдалануына.



